Репертуар

Чарльз Спенсер Чаплин

Чарльз Спенсер Чаплин - дыбыссыз фильм дәуірінде ең жоғары атақ-даңққа ие болған ағылшын комикс актері, кинорежиссер және композитор. Ол өзінің «The Tramp» экрандық тұлғасы арқылы дүниежүзілік иконаға айналды және киноиндустрия тарихындағы ең маңызды тұлғалардың бірі болып тарихқа енді. Чарли Чаплиннің кең шалбар, үлкен аяқ киім киген персонажы әлі күнге дейін халық арасында танымал. Оның күлкіге айналған бет бейнесі астарында жасырылған аянышты өмір жолы, алғашқы қадамдары, өнер мен қоғам арасындағы текетіресі суреттеледі.

«Келіндер көтерілісі»

2022 жылдың 5, 6 шілде күндері  сағат  19:00-де, Әзірбайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрында «Келіндер көтерілісі» комедиялық қойылымының премьерасы өтеді. Авторы – Саид Ахмад, аударған – А.Сүлейменов. Режиссері – Уланмырза Карыпбаев, киім суретшісі – Аида Ұланбек, балетмейстер – Алиевна Тазабике Салиева. Театрдың көркемдік жетекшісі – Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері Тұрсынбек Қабатов
Өзбекстан Республикасының көрнекті жазушы-драматургі Саид Ахмадтың «Келіндер көтерілісі» пьесасы ұзақ жылдар бойы сахна төрінен түспей келе жатқан комедиялық жанрда жазылған үздік шығармалардың бірі. Генерал ененің бұйрығымен жүріп-тұратын бір әулет адамдары кеше ғана жас келін болып түскен Нигораның бас көтеруімен аналарына қарсы шығады. Бір жағадан бас бір жеңнен қол шығарып маршал кемпірді тақтан тайдырудың жоспарын жасайды. Комедия ене мен келін арасындағы қарым-қатынасты емес, жалпы қоғамда орын алып отырған мәселелерді көрсетеді. Адам баласының еркіндігі, таңдау құқығы сияқты күнделікті өмірде кездесетін мәселелер негізге алынған. Қойылымда ата дәстүрін берік ұстайтын өзбек халқының ұлттық биі мен музыкасы қолданылады. Астарлы әзілге толы комедия көрермен қауымды күлкіге бөлей отырып, терең ойға батырады.

«Арыстан патша»

DISNEY-дің алтын классикасына жататын «Арыстан патша» ертегісі барша әлемге әйгілі. Тақ иегері, ақкөңіл сәби Симбаның дүние есігін ашқанын түгел аң патшалығы асыға күтті. Қуанбаған бір ғана жануар – ағасы Шрам. Өзінің туғанына опасыздық жасау арқылы билікке келген Шрамның дәурені қалай болмақ? Симба іштегі өкініш пен үрейін жеңіп, әкесінің аманатын, даңғал жолын жалғастыра ала ма?
Музыкалы «Арыстан патша» ертегісінде оқиға кейіпкерлерін басқа қырынан танып, классикалық шығармаға жаңа көзқараспен қарауға мүмкіндік туады.

«Детектив Кристофер»

2022 жылдың 5, 6 СӘУІР күндері сағат 19:00-де Әзірбайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрында «Детектив Кристофер» детективті драмасының премьерасы өтеді. Авторы – Марк Хэддон. Қазақ тіліне тәжімалаған – Рухия Бақытбек. Инсценировка авторы және режиссері – Самсон Мовсесян (Армения) Қоюшы суретші – Мика Ватинян (Армения) «Біз көшеде келе жатып Құс жолын көрдік. Кейбір адамдар Құс жолын жұлдыздардың көп шоғырланған жері деп түсінеді. Бірақ бұл қате түсінік. Біздің галактика үлкен дискке ұқсас, ал жұлдыздар бір-бірінен млрд арақашықтықта орналасқан. Күн жүйесі солардың ортасында орналасқан... Ал сіз Веллингтонды кім өлтіргенін білмейсіз бе?..» Аутизм дертімен туылған жасөспірім – Кристофер Бунның жеке күнделігіндегі таңғаларлық жазбалары арқау болған бұл қойылымда құпия өлімнің сырын ашу, ажыраған отбасының ендігі тағдырын шешу сынды өзекті мәселелер тұр. Әуелгіде құпия өлімнің жауабын табуға белбуған Кристофер нағыз драмаға тап болады. Бұл драма оның отбасына байланысты еді.

«Боранды бекет»

2022 жылдың 1 СӘУІР күні сағат 19:00-де, 2 СӘУІР күні сағат 16:00-де Әзірбайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрында «Боранды бекет» драмасының премьерасы өтеді. Қойылым Қазақстанның Халық қаһарманы, КСРО және Қазақстанның халық әртісі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері, режиссер Әзірбайжан Мамбетовтің 90 жылдығына арналады. Авторы – Шыңғыс Айтматов. Аударған – Шерхан Мұртаза. Режиссер – Уланмырза Карыпбаев. Қоюшы суретші – Алан Саймин Әр туындысы әлемге әйгілі болған Шыңғыс Төреқұлұлы Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күн...» романы тағдырдың тарамыс айыр жолдарын суреттеген ғасырлық туынды. Бір бойына Боранды бекет, Сарыөзек, ел іші, Жер планетасы сынды бірнеше ауқымды кеңістікті сыйдырып тұрған шығарманың айтары мол. Осы кеңістіктердің тоғысында жазушы қаламынан бас кейіпкер Боранды Едігенің кескіні қалыптасқан. Бұл жолы кезекті премьерамызда сіздерге ұсынғалы отырған «Боранды бекет» қойылымында Қазанғаптың ақтық аманаты орналады ма? Ғасырға татыған бір күн ішінде аса жауапты сапардың нәтижесі қалай болмақ? Құрметті көрермен өзіңізді театрда күтеміз, бірге куә болайық.

«Сараң»

Италия! XVII ғасыр! Жан Батист Мольер! Ұлы комедиографтың сол заманның ең осал тұстарын астарлы әзілмен бейнелеген "Сараң" туындысы арада төрт ғасыр өтсе де әлі күнге дейін өзекті. Неліктен? Маскалы кейіпкерлердің өз шындықтары қандай? Гарпагонның шектен шыққан сараңдық әрекеттері түбінде қандай жағдайға душар етпек? Келіңіз, бірге куә болайық! Айтпақшы, қойылым 16 жастан асқан көрермендерге арналған. Рerché è Molière! Perché questa è l'Italia!
Режиссер – Уланмырза Карыпбаев
Қоюшы суретші – Алан Саймин
Киім суретшісі – Айнұр Есболатова
Редактор – Рухия Бақытбек
Режиссер ассистенті – Гауһар Зияудин
Хормейстер – Дилара Қарекенова
Хореограф – Абылхаир Кушкенов, Александр Виноградов
Композитор – Иса Ауғантай
Өлеңдер авторы – Мұратбек Ильяс

«Сені сағындым...»

Авторы – Александр Володин
Режиссер – Аридаш Оспанбаева
Қоюшы суретшісі – Қанат Мақсұтов
Киім суретшісі – Аида Ұланбек
Балетмейстер – Александр Виноградов, Абылхаир Кушкенов
Музыкамен көркемдеген – Аян Томанов


Қай заманда қандай қоғамда болмасын отбасылық құндылықтың мәні жоғары бағаланады. Екі түрлі мінезді, сан қырлы таным-түсінікті бір арнаға тоғыстыру ерлі-зайыптылар өмірі үшін анау айтқандай оңай іс емес... Орыс драматургы А.Володиннің отбасылық қайшылықтарға толы бұл пьесасы сот залына келген ажырасушы тараптардың арыз-шағымдарына арқау болған. Сот залындағы бес отбасының ажырасу себептері де әртүрлі. Сатқындық, суынған сезімдер, сыйластықтың құрдымға кетуі...

«Ромео-Джульетта»
(трагедия)

2021 жылдың 1, 2 шілде күндері, сағат 19:00-де Әзірбайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрында «Ромео-Джульетта» қойылымының премьерасы өтеді.

Авторы – Уильям Шекспир. Қазақ тіліне аударған – Әбіш Кекілбаев. Режиссер – Есләм Нұртазин. Қоюшы суретшісі – Қанат Мақсұтов. Композитор – Ақжол Өмірзақов. Киім суретшісі – Бахытгуль Токтыбаева. Балетмейстер – Анель Мырзагулова. Хормейстер – Алмат Абишов. Сахна сайысын қойған – Мақсат Рахмет.

Уильям Шекспирдің әйгілі «Ромео-Джульетта» шығармасы әр заманның сұранысына толықтай жауап бере алатын әлемдік драматургия шыңы. Көтерілетін мәселесі қай заманда болсын адамзат баласын ойландырып келеді. Бұл шығарма екі әулеттің ұзақ жылдардан бері келе жатқан бітіспес қақтығысының кесірінен опық жейтін екі жас турасында. Осыған дейін талай сахналарда өзгеше көрініс тауып, бағасын алып келген трагедия енді Ә.Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрында басқа қырынан түрленбек.

М.Фрейн «Театр 180º»
(комедия)

Театрдың өзі өмір. Спектакль толық дайын болғанға дейін талай қызықтар мен әр түрлі кедергілер орын алатыны белгілі. Шекспир кезеңінен келе жатқан «театр ішіндегі театр» әдісін қолданған Майкл Фрейннің кейіпкерлер мен актерлердің тағдыры байланысқан туындысы көрерменге сахна сыртындағы тылсым әлемге енуге мүмкіндік береді. Тығырықтан жол табу кезінде шынайы өмір мен сахна өмірін айыра алмай, комедиялық жағдайларға тап болған актерлердің әрекеттері шынайы күлкі тудырады.

«Театр 180º» комедиясында труппадағы актерлердің шым-шытырыққа толы қарым-қатынасы көрініс табады. Әрбір кейіпкер үшін шынайы және сахналық өмір бір арнаға тоғысып, спектакльдің әрекетін комедиялық абсурд пен сатиралық гротескке жеткізеді.

М.Камолетти «Мерекелік меню»
(комедия)

Әйелі жоқта үйінде керемет кешті өткізуді қалаған Бернардтың жоспары кедергілерге тап болады. Аяқ астынан туындаған ой күтпеген тосын жағдайларды тудырады. Тығырықтан шығар жол табу үшін айтылған өтірік келесі өтірікті жалғап, оқиғаны одан әрі шиеленістіре түсіреді. Шындықтың ерте ме, кеш пе салтанат құратыны анық, жалғанның шырмауына іліккен жағдайдан шығар жол қандай? Спектакльдегі оқиғалардың күтпеген бұрылыстары, шыр айналдырар интрига мен тартысты сюжет актерлердің міндеттерін қиындатқанмен, оларға махаббат, құмарлық, қызғаныш, адалдық, сатқындық сезімдерін көрсетуге тамаша мүмкіндік береді.

Б.Томас «Чарлейдің әпкесі»
(музыкалық комедия)

Брэндон Томастың «Чарлейдің әпкесі» комедиясы әлі күнге дейін өзектілігін жоғалтпаған. Әйел бейнесін ер адамның кейіптеуі әрқашан да күлкі тудырып, күтпеген тосын жағдайларға алып келеді.

Шым-шытырық оқиғаларға толы музыкалық комедияның басты кейіпкерлері – Джек және Чарлей есімді студенттер. Жігіттер жас, албырт, сондықтан да оларға байлықтан гөрі шынайы сезім қымбаттырақ. Сүйгендеріне қол жеткізу үшін олар ештеңеден тайынбайды. Алайда, өтіріктің көмегімен жеткен бақыт қаншалықты бағалы болмақ?! Чарлей қандай шешім қабылдайды деп ойлайсыз?

Риясыз көңіл мен қызғаныш, шындық пен жалған, адалдық пен арамдық арпалысқа түскен спектакльде шынайы махаббат әспеттеліп, әділеттілік салтанат құрады.

У.Шекспир «Ричард ІІІ»
(реквием)

Әлемге әйгілі «Ричард ІІІ» трагедиясы - Уильям Шекспирдің хроникаларының озық туындысы. Билік жолында туған бауырының да жанын алған, өзі билік еткен кезеңде ең қатыгез патша атанған қанышер Ричардтың өмірі әркімге қызық әрі жұмбақ. Алайда, Ричардтың өмірді жек көруіне, осыншалық жауыз болуына себеп болған не нәрсе?

«Ричард ІІІ» реквиемінде сіз Ричардты басқа қырынан тани аласыз. Оның бауырларына, айналасындағы адамдарға деген қарым-қатынасына жаңаша көзқараспен қарауға мүмкіндік туады. Ричардтың жан дүниесіне тереңірек үңілсеңіз, ол жайлы бұрыңғы қалыптасқан ойыңыз өзгеруі әбден мүмкін.

Д.Исабеков «Әштен» (комедия)

Әштен Желдібаевті бүгінге дейін ешкім елемеген. Қарапайым аула сыпырушының өмірі бұлай күрт өзгереді деп ойламаған. Жанайдаровтың қолдауын алып, бағасы өсе бастаған Әштеннің ендігі өмірі шекердей тәтті бола ала ма? Оңай әрі күтпеген бақтың бағасы қандай? Дулат Исабековтің «Әштен» комедиясы күлкілі оқиғаларға толы, астарлы әзілі басым. Спектакльде адам тағдырының түрлі кезеңдері көрініс тауып, тіпті бүгінгі тыныс-тіршілігімізден сыр шертеді.

М.Мақатаев «Қош, махаббат» (мелодрама)

Бағдат пен Банудың кіршіксіз махаббатына бәрі қызығып қарайды. Бірі- болашақ композитор, бірі - мұғалім. Үлкен қалада бір-бірін тапқан қос ғашықтың шынайы сезімі ешкімді бей-жай қалдырмайтыны белгілі. Дегенмен, өмір тосынсыйын әрқашан дайындап тұратынын білеміз. Махаббат хикаясында Асанның үлкен рөл ойнайтынын олар тіпті болжаған емес. Банудың таңдауы мен тағдырдың жазуы бірдей бола ала ма? Сырлы лирикаға толы Мұқағали Мақатаевтың «Қош, махаббат» мелодрамасында ақынның танымал поэзиясы мен өлеңдеріне жазылған белгілі әндерін тыңдап, бір-біріне құлай сүйген жандардың әсерлі махаббат оқиғасына куә бола аласыздар.

Р.Киплинг «Маугли» (ертегі)

Р.Киплингтің атақты «Джунгли кітабы» туындысы бүкіл әлемге белгілі. Жануарлар әлеміне тап болған Маугли есімді балақайға алғаш құшағын ашып, бауырына басқан бөрілер еді. Өзінің туған үйіне айналған Джунглиде Мауглидің жалғыз жауы – зұлым да қатыгез Шерхан. Бірақ, ешкімнен қорықпайтын жолбарыстың да осал жері бар. Ол – бүкіл орманға аты шыққан қызыл гүл. Ал, Маугли сол қызыл гүлдің құпиясын ашып, Шерханды жеңе ала ма? .

«Маугли» ертегісінде оқиға кейіпкерлерін басқа қырынан танып, классикалық шығармаға жаңа көзқараспен қарауға мүмкіндік туады. .

Ж.Шайхисламұлы «Қыз Жібек» (лиро-эпос)

«Қыз Жібек» лиро-эпостық дастаны - Төлеген мен Қыз Жібектің адал махаббатын әспеттеген қазақтың жақұт жырларының бірі. Қаншама ғасыр ел жадында сақталған жырдың 16 нұсқасы белгілі. Әлі күнге дейін өзектігін жоғалтпай келе жатқан туындының сыры неде? Сіз бен біз білетін қос ғашықтың қосылмауына кінәлі расымен де Бекежан ба, әлде Базарбайдың өз ұлына берген теріс батасының кесірі ме? Мүмкін сіздің ұсынар өз нұсқаңыз табылар?

Жүсіпбек қожа Шайхисламұлының нұсқасы бойынша сахналанатын «Қыз Жібек» лиро-эпосында жырды жаңаша интерпретацияда тамашалай аласыздар. Спектакльде кейіпкерлердің ішкі күйін, жан тебіренісін, сезім иірімдеріне бұрыңғыдан тереңірек үңілуге мүмкіндік туады.

«Жас Абай» (драма)

Бүгінде қазақ сахнасында «Абай» сахналанбаған театр кемде-кем. Дегенмен, әлі сахна көрмеген, ел жүрегін қан жылатқан, жас Абайдың есеюіне, ел ісіне араласуына түрткі болған бір оқиға бар. Ол – Кәмшаттың өлімі. Осынау жағдай Абайға қалай әсер етті? Ағайын араздығын тоқтату үшін жасаған әрекеті, сенімі ақтала ма? Сол жолда кезіккен «есіл Тоғжанға» деген жүрек түкпірінде жасырған сезім шоғын сөндіре ала ма?

Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай сахналанатын «ЖАС АБАЙ» драмасында Абайдың жалынды жастық шағына, туысқандық қарым-қатынасына, өмірдегі естен кетпес махаббат хикаясына куә бола аласыздар.

Д.Исабеков «Тыныштық күзетшісі» (драма)

Сұрапыл соғыстың зардабын майданда от кешкен жауынгерлермен бірге ауылда Ұлы Жеңіс үшін жан аямай тірлік еткен еңбеккерлер қатар көрді. «Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағында» келесі қара қағаздың өздерінің үйіне келмесін тілеп отырған жандардың үміті, ішкі қайғы-мұңы бір адамның көтеретін жүгі емес еді. Осынау зұлмат уақытта ауылын жамандықтан қорғаймын деп мерт болған Демесін соғыс құрбандарының тізіміне неге кірмеді?! Қатал болуға соғыс мәжбүр еткен Ардаққа жылулық сыйлаған жалғыз адам кім?

Д.Исабековтің «Тыныштық күзетшісі» драмасында әйел қауымының иығына түскен ауыртпалық, қиындыққа көніп туған, ерте есейген балалардың көрген азабы, тылдағы еңбек, бүкіл ауылдың үрейін ұшырса да, тыныштығын күзеткен Демесіннің аянышты тағдырына куә боласыздар.

О.Бөкей "Ауыл хикаялары"
(драма)

«Алтайдың Кербұғысы» атанған заңғар жазушы Оралхан Бөкейдің әңгімелері өміршеңдігімен, терең сырлы лирикасымен ел жүрегінен өз орнын, мәртебесін алған. Оның кейіпкерлері сондай жақын, ерекше ыстық. Себебі олар біздің өмірімізде де бар. Соңғы рет алғашқы махаббатыңызды қашан еске алдыңыз? Тағдыр талайға салып, маңдайдан бағы тайған жақыныңыздың күйі жаныңызға батқан кезі болды ма? Өкініш өзекті өртеп, қадіріне жете алмаған қымбат адамыңызбен қоштаса алдыңыз ба?

«Ауыл хикаялары» драмасы суреткер О.Бөкейдің «Апамның астауы», «Қош, махаббатым» және «Маңдайдан бағың шайқалса» әңгімелерінің желісі бойынша сахналанады. Көрермендер өкініш пен қоштасу, қуаныш пен мұң, махаббат пен қимастық сезімін бастан кешіріп, кіші сахнада қойылымның қатысушына айналады. Қойылым сіздің жүрек түбіндегі ыстық сезімдерді оятып, асыл шақтарыңызды еске алуға, сіз үшін қымбат жандармен тағы бір мәрте тілдесуге, сырласуға мүмкіндік береді.

FaLang translation system by Faboba