Әзіл әлемі

«Әзілің жарасса, атаңмен ойна», - дейтін елдің ұрпағы әзіл айтпай, өмір сүре алмасы анық. Осыдан 30 жылдан астам уақыт бұрын сүрлеуін салған «Тамаша» әзіл-сықақ отауынан соң, елімізде ондаған театрлар өз өнерін қалың көпшілікке ұсынуда. Солардың бірі әрі бірегейі – «Базар жоқ» әзіл-сықақ театры. Алғашқы қойылымынан бастап әзіл әлеміндегі жаңашылдықты желеу еткен жас актерлермен қатар сахнада елімізге әйгілі әнші-күйші, бишілер де өнер көрсетіп келеді.

2010 жылдын 23 қыркүйегінде Астана қаласының «Конгресс – Холл» сахнасында алғашқы рет көрермен алдына «Базар жоқ» әзіл-сықақ театры өз бағдарламасын ұсынып, халықпен танысты. Театр актерлары әзіл саласындағы ең қиын жанр – монолог жанрын таңдады. Қоғамда болып жатқан өзекті мәселелерге өз пікірін жеткізуді жөн көрген театр актерлері негізгі қару ретінде пародия мен монолог жанрын таңдаған. Тұрсынбек Қабатов бастаған театрдың мақсаты - әрбір концертті белгілі бір мерекелік күнге арнап, халыққа жақсы көңіл-күй сыйлай отырып, ел болашағы мен адами құндылықтарға қатысты ой тастау.

Көрермен сұранысына ие болғандықтан, Республикамыздың телеарналары түсірілім жасауды ұсынды: 31 арна, Ел-Арна секілді телеарналарда эфир сәтті өтіп, рейтингі жоғары көрсеткіштерге ие болған өнер ошағы екі – үш жылда ел арасында танымал театрға айналды. Уақыт өте еліміздің номері бірінші «QAZAQSTAN» ұлтық арнасы театрдың көркемдік жетекшісі Тұрсынбек Қабатовпен бірге жұмыс істеп, сапалы контент жасауға ұсыныс берді. Бағдарламаның негізгі мақсаты - қоғамда болып жатқан саяси мәселелер мен халықтың әл-ауқатын, мәселелерін бүгінгі күн талабына сай әзілмен жеткізіп, Елбасының сындарлы саясатын қолдау болып табылады. Әр бағдарламада еліміздегі тұрақтылық пен саяси мәселелердің түбелікті орын алуы, көпұлтты мемлекетіміздегі халықтар достығы мен ынтымағын сақтау, еліміздің болашағының зор екенін көрермендерге айқындап жеткізу - басты қағидамыз. Жаңаша форматта жұмыс жасаймыз деп, театр ребрендинг жасап, атауын «Әзіл Әлемі» деп ауыстырды! Содан бері, мінеки, 9 жыл өтіпті. Театрдың алға қойған жобалары әлі көп. Олай болса концерттерде кездескенше!

 

FaLang translation system by Faboba