"Әзірбайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театры"

2018 жылдың 7 шілдесінде «Экспо» көрмесінің аймағындағы «Әзірбайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театры» залында Нұр-Сұлтан қаласы Мәдениет және спорт басқармасының басшысы Болат Мажағұловтың, ҚР Еңбек сіңірген қайраткерлері Тұрсынбек Қабатов пен Сайлау Қамиевтің қатысуымен баспасөз мәслихаты болып, елордамыздағы алғашқы комедия театрының ашылатынын жариялады.

«Әзірбайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театры» Мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен 2018 жылдың 1 қараша күні ресми түрде ашылды. Құрамына Нұр-Сұлтан қаласының Номад театры, Назар аудар театры кіретін «Әзірбайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театры» МКҚК — «EXPO-2017» көрме кешенінің аумағында орналасқан соңғы үлгідегі ғимарат. Әзірбайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театры залы ірі көлемдегі іс-шаралардан бастап, камералық концерттерге арналған көпфункционалды сахналық алаңмен, көркем өнер көрсету үшін заманауи технологиялық аудио-жарық-бейне техникасымен жабдықталған.

Екі жыл уақыт ішінде елорда жұртшылығына танымал бола бастаған Әзірбайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театры залында Республикалық және әлемдік деңгейдегі форумдар, Қазақстан жастарының басын қосқан фестивальдер, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен мерекелік концерттер, әртүрлі саладағы жиындар өтуде. Соның ішінде атаулы іс-шаралар: Азия елдері қаламгерлерінің I форумы, ҚР Сенатының төрайымы қатысуымен «ҮЗДІК ПЕДАГОГ – 2018» іс-шарасы, Тұңғыш Президент күніне арналған мерекелік шара, Дүниежүзілік K-Pop фестивалінің іріктеу кезеңі, Корея Республикасы мен Қазақстан Республикасы арасындағы стратегиялық әріптестіктің 10 жылдығына арналған концерті, Қазақстан жастарының басын қосқан «КТА» ойындары, Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің қатысумен құрылыс саласы қызметкерлері күні, «Мисс Қазақстан-2019» сұлулық байқауы, Халықаралық деңгейдегі театр жұлдыздары қатысуымен театральдық қойылымдар және т.б.

Онлайн-билет